Қаңтар оқиғасы кезінде 1414 желісіне 212 мыңнан астам қоңырау түскен

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин мәлімдеді.

2021 жылы сәуірде «1414» бірыңғай байланыс орталығы біздің корпорацияның қарауына берілді. Аталған орталық жұмысын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда 7 қалада кеңсе ашылып, әмбебап жүйеге көшірілді. Сонымен қатар байланыс орталығы оператордың жауабын күту уақыты 16 секундқа дейін қысқарды, — деді Сүйеніш Әбділдин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ақпаратқа сәйкес, биыл орталық қызметкерлері азаматтарға 4 миллионнан астам консультация ұсынған.

Биыл қаңтардағы елімізде болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде аталған «1414» желісі азаматтарға көмек көрсетті. Біздің орталық арқылы жоғалған азаматтар және бұзақылар туралы ақпарат келіп түсіп, біз оларды құзырлы органдарға жолдап отырдық. Төтенше жағдай кезінде «1414» байланыс орталығына 212 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Оның ішінде 2 350 қоңырау хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге қатысты. Сол сияқты 777 қоңырау тәртіпсіздік кезінде зардап шеккендер және бұзақылық әрекетке қатысушыларға қатысты, — дейді ол.