Көктемгі су тасқыны: елімізде 200-ге жуық адам эвакуацияланды

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Соңғы мәлімет бойынша, екі жүзге жуық адам эвакуацияланды. Павлодар және Ақтөбе облыстарында 43 үйден су бұру жұмыстары жүргізілген.

196 адам эвакуацияланды, соның ішінде соңғы тәулікте 74 адам қауіпсіз жерге көшірілді. 139 адам уақытша эвакуациялау пунктеріне, 57-сі туысқандарының үйіне орналастырылды, — делінген хабарламада.

Осы тәулікте 5 тұрғын үй мен 15 саяжай үйін, республикалық және бір облыстық маңызы бар автожолдың 3 учаскесін су басты. Комиссиялық тексеру барысында Батыс Қазақстан облысының Шалғын кентінде тағы 4 үйді су басып, 15 бас ұсақ мал қырылғаны анықталды.

Кейінгі тәулікте Теміртауда 1 үй еріген қар суының астында қалды. Жеті адам, соның ішінде 5 бала эвакуацияланды. Қазір су басқан нысандар мен автожолдар бақылауда.

Өңірлерде жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар министрлігінің күшімен 2 270,4 мың м³ еріген қар суын сору, инертті материалдары бар 21 891 қап төсеу, сонымен қатар 250 м² алқапта өзендерде мұз кесу жұмыстары жүргізілді,- делінген хабарламада.

“Қазгидромет” РМК болжамынша, алдағы тәуліктерде Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО және Нұр-Сұлтанда жаңбыр мен қар түрінде аздаған жауын-шашын түседі. Ауа температурасы көтеріледі.