Басты бетЖаңалықтарҚаңтар оқиғасы:...

Қаңтар оқиғасы: Алматы әуежайына шабуыл жасағандардың бірі ұсталды

Ішкі істер министрлігі көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің мәліметінше, Алматыда тұратын Жамбыл облысының 24 жастағы тумасы қолға түсті.

Оны Алматы әуежайында қаңтар айындағы оқиғалар кезінде жасалған қылмыстарды тергеумен айналысатын көліктегі полиция департаментінің жедел тергеу тобы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеу нәтижесінде анықтады.

Күдіктінің 5 қаңтарда тәртіпсіздіктерге қатысушылармен бірге қару-жарақ дүкенінен қару ұрлап, Алматы әуежайына қарулы шабуыл жасағандығы белгілі болды. Содан кейін сыбайластарымен бірге Алматы полиция департаментінің ғимаратына барып, ғимаратты таңғы сағат 6-ға дейін қоршауда ұстауға қатысқан,- деді полиция генерал-майоры.

Бұдан соң ол ұрланған қаруды белгісіз біреуге сатып жіберген.

Қазір күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр,- деді Оңал Бекеев.