Басты бетҚоғамЕрмұхамед Ертісбаев...

Ермұхамед Ертісбаев Қазақстан халық партиясын басқарады

Қазақстан халық партиясының парламенттік фракциясының бұрынғы басшысы, мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров төрағаның бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Съезд Қазақстан халық партиясының жаңа мақсаттары мен міндеттеріне арналды. Партия өкілдері осыған дейін атқарылған жұмыстарын саралады.

Съезд барысында Қазақстан халық партиясы төрағасы лауазымына Ермұхамет Ертісбаевтың кандидатурасы ұсынылды.

Кандидатура бірауыздан мақұлданды.

Ол көшбасшы, министр, депутат, дипломат ретінде танымал. Партиямызға тәжірибесі мен білімі мол, мемлекеттік деңгейдегі саяси және қоғам қайраткерінің келуі алғаш рет болып отыр, – деді көпшілік.

Ермұхамет Ертісбаев партия мүшелерінің сенім білдіргеніне алғыс айтып, сенімді толық ақтау үшін күш-қуатын, білімін және саяси тәжірибесін жұмсауға уәде берді.

Қазақстан халық партиясы – солшыл-орталық партия. Мен үшін бұл – өте маңызды. Мен өмір бойы социалист болдым, – деді ол.

Жаңа төраға қазіргі таңда азаматтардың Қазақстан халық партиясына деген сенімі айтарлықтай артып келе жатқанын айтты.

Халық партиясы деген атаудың өзі уақыт өте келе оның мәслихаттарда, мәжілісте, сенатта үстемдік ету керегін меңзейді, – деді Ермұхамет Ертісбаев.