Журналисті қуып шыққан Ертісбаев немесе 1 теңге

Ермұхамбет Ертісбаев
Фото: Liter.kz

2007 жылы 7 наурызда Президенттің Жолдауын жүзеге асыруға арналған республикалық кеңес кезінде Қазақстанның сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев “Эра-ТВ” телеарнасының журналисіне сұхбат беруден бас тартып, оны жұрттың көзінше залдан қуып шықты.

Министрдің бұл әрекетін журналистердің ақпаратты еркін алуына қойылған шектеу және Конституция мен қолданыстағы заңдарға қайшы деп бағалаған журналистер қауымы “министр отставкаға кетсін” деп мәлімдеме таратқан еді. Ал министрдің қырына іліккен телеарна тілшісі Юлия Исакова мен телеарна басшылығы ар-ұждан мен беделді қорғау үшін министрді сотқа беріп, одан моральдық шығын ретінде 1 теңге өндіріп алуды сұрады.

Ақпарат құралдары бұл даудың шығуына о баста телехабарлар тарату жиіліктеріне жарияланған тендерді өткізу түрткі болғанын хабарлады. Тендердің әділ өтуіне күмән келтірген телеарна басшысының сөзінен кейін бұл ақпарат құралы экс-министр үшін жеккөрінішті болып қалған-мыс.

Кейін министр журналист Юлия Исаковадан кешірім сұрады.

Ертісбаев мені жеке қабылдады. Біз бірқатар мәселені талқыладық. Кездесудің қорытындысына разымын. Жанжал бітті, – деді журналист.

Ермұхамет Ертісбаев қазір – Қазақстанның Беларусьтегі төтенше және өкілетті елшісі.

“Басыма шық онда”. Талғат Мұсабаевтың дөрекілігі

2013 жылы “Қазғарыш” басшысы Талғат Мұсабаев “Байқоңырда” “Протон-М” зымыраны апатқа ұшырағаннан кейін Үкіметтің шұғыл отырысынан шығып, журналистермен кездесті. Сол кезде оған “КТК” телеарнасының тілшісі Ербол Сейілханның алдынан шыға келгені ұнамады, ол журналиске тап беріп, кеудесінен итеріп, балағаттады. Оның бұл әрекеті таспаға жазылып қалды.

Бұл не өзі? Басыма шық онда. Сен кімсің, маған қайда тұру керек екенін көрсететін? (“Ну что встал? Иди на… отсюда! Что это за такое? Ты еще на голову залезь мне! Ты кто такой, чтобы мне указывать?”), – деп ашуланды ол.

Бұл видео әлеуметтік желі мен БАҚ-та қызу талқыланды. Жұрт мемлекеттік қызметкердің мұндай әрекетін айыптады. Кейін ғарышкер өзінің бұл әрекетіне қатысты пікір білдірді.

Мемлекетте көргенсіз жас пен үлкен кісінің арасындағы кикілжіңнен басқа маңызды мәселе жоқ па? “Байқоңырда” төтенше жағдай болды, журналистер неге қоғамның назарын соған бұрмайды? Қолыңда камера болса, ойыңа келгенді түсір де, көрсете бер деген сөз емес. Көрерменге болған оқиға бастан-аяқ көрсетілмеген, эфирден тек соңғы сәті берілген, – деді ол.

Одан кейін Талғат Мұсабаев тілшілерге құрметпен қарайтынын айтты. Өйткені ғарышкердің де әкесі – журналист, оның әр ақпарат үшін уайымдап, барлық нюансты аяғына дейін анықтап, содан кейін ғана жазған образы жадында сақталғанын жеткізген.

Журналист те болған келеңсіздік туралы пікір білдірді. Ол осы кезде барынша әдепті болуға тырысқан, өйткені бала кезде ғарышкерді өзінің кумирі санаған. Әдетте оператор кадрдың дұрыс шығуы үшін сұхбат алуға ыңғайлы орынды таңдайды. Тілші де солай жасауға тырысқан. Журналистің айтуынша, шенеуніктер мұндай өтінішке бірден келісетін көрінеді. Ал Талғат Мұсабаев мұндай әрекетті жақтырмай қалған.

Көбі менен ғарышкерді “Сотқа бересің бе?” деп сұрады. Бірақ ажиотаж жасаудың не керегі бар? Мұсабаев бұл әрекеті үшін қызармаса да, мен жамандық пен ренішті сақтамаймын, – деді журналист.

Талғат Мұсабаев қазір – Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты.

“Заправкаға” барып қарамайсың ба?” немесе “18-рет”

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев та бірнеше рет журналистерге дөрекі жауап берді. Оның бұл әрекеті, тіпті, депутаттардың да сынына ұшырады.

Қанат Бозымбаевқа 2017 жылы жанармай бағасының көтерілуіне қатысты журналист “Қазіргі уақытта дизельдің бағасы қанша?” деген сұрақ қойған. Оған министр: “Далаға шығып “заправкаға” барып қарамайсың ба?”, – деп жауап берді.

Дәл осы жылдың 31 қазанында Үкімет отырысынан кейін Бозымбаев елдегі жанармай нарығындағы жағдайдың мән-жайын түсіндірді. Ол журналистер қойған сұраққа жауабын “18-рет айтып берейін” деп бастаған еді.

Кейін Мәжіліс депутаты Михаил Чирков министрдің бұл жауабына көңілі толмай, мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынасына қатысты сыни пікір білдірді.

Бір мысалдан бастайын. Жақында лауазымды шенеунік Үкімет отырысынан шыққан соң оған тілшілер келіп, сұрақ қоя бастады. Ал ол “18-рет жауап беріп отырмын” деп төтесінен қойды. Ары қарай сөзбе-сөз не айтылғаны есімде жоқ, бірақ осындай екпінмен жауап қайтаруға бола ма? – деді Михаил Чирков.

Кезінде журналист болған депутат Артур Платонов та “Министрсің бе, емессің бе, қанша рет сұрады, сонша рет жауап беру керек деп есептеймін. Өйткені бұл біздің жеке басымызға қатысты шаруа емес”, – деп жауап берді.

Қанат Бозымбаев кейін депутаттардың осы сынына қатысты пікір білдірді.

Депутаттар өз пікірін білдірді. Мен ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын. Өйткені Үкіметтің жұмысына сыни тұрғыда қарау – олардың жұмысы. Біздің министрліктің Мәжіліспен қарым-қатынасы жақсы, – деді министр.

Қанат Бозымбаев ҚР Энергетика министрі қызметін 2016 жылдың 25 наурызынан бері атқарып келеді.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің журналиске ұрысқан сәті түсірілген видео жарияланған еді. Вице-министр журналистің сұрағын ұнатпай, оған “Жынымды келтірмеңізші” деп сөйлеп тастады. Кейін ведомствоның баспасөз қызметі Серік Жұманғариннің журналистен кешірім сұрайтынын хабарлады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, вице-министр “дөрекі сөйлегеніне өкінеді”.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!