Қаңтар оқиғасы: Түркістан облысында 6 қылмыстық іс сотқа жолданды

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Түркістан облысы полиция департаменті тергеушілерінің, сонымен қатар қала, аудандық полиция бөлімшелерінің іс жүргізуінде қаңтар оқиғасы кезінде тіркелген 17 қылмыстық іс болған.

Олардың ішінде тонау, бұзақылық, заңсыз қару сақтау, есірткі заттарын сақтау, бөтеннің мүлкін қасақана жою, көрінеу жалған ақпарат тарату істері тіркелген.

Тергеушілер ауқымды әрі тыңғылықты жұмыстарды жүргізді. Тәртіп сақшылары 20-дан астам күдіктіні ұстап, қамауға алды. Олардың ішінде Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 14 тұрғын блокпоста ұсталды. Тергеушілер қылмыс орын алған аумағына қарай 14 күдіктіге қатысты 8 қылмыстық істі Алматының полиция департаментіне жолдады. Ал 6 қылмыстық іс бойынша жиналған материалдар айыптау актісімен бірге сотқа жолданды,- дейді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.

Аталған дерек қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» мен қылмыстық кодекстің 274-бабы 4-бөлігі «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша тіркелді.

Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу материалдары айыптау актісімен бірге Шардара ауданының сотына жіберілген.