Басты бетҚоғамҰҚК Мәсімовтің...

ҰҚК Мәсімовтің сыбайлас жемқорлық бойынша көп фактіге қатысы барын хабарлады

Комитет мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану күдігі бойынша Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі жалғастырып жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде сыбайлас жемқорлықтың көп белгісі анықталды.

Отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері құжатталды.

Атап айтқанда, жабық келісімшарттардың бірі бойынша шетелдік мемлекет өкілдерінен Мәсімовтің ҰҚК төрағасы лауазымында 2 миллион АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Осы қаражат Гонконгтан Қазақстан ұлттық банкіне қайтарылды.

Сонымен қатар Мәсімовтің премьер-министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 миллиард теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

2022 жылғы қаңтарда Мәсімовті ұстағаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 миллион АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, сонымен бірге көп құнды зат – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары алынды.

Бұған қоса, бизнес санаттағы 11 қымбат автомашина алынды. 

Мүліктеріне – Нұр-Сұлтандағы екі элиталық пәтерге, Алматыдағы 2 пәтер мен сарайға, сонымен бірге Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 гектар жер теліміне тыйым салынды.

Мәсімовтің жақын байланыстарынан 5,1 миллион АҚШ доллары алынып, оған тыйым салынды.

Осымен бір мезгілде Мәсімов пен оның айналасындағылар шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыс істелген.

Көрсетілген барлық факті бойынша қарқынды жедел жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.