Алматы әкімінің экс-орынбасары ұлттық экономика вице-министрі болды

ҚР үкіметінің қаулысымен Ілияс Ерікұлы Өсеров Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды, — делінген хабарламада.

Ол мұның алдында Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Ілияс Өсеров 1985 жылы Алматыда туған. әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін, Тұран-Астана университетін бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы «Сбербанк» акционерлік қоғамы әкімшісі, жетекші маманы, менеджері болып бастаған. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің инвестициялық саясат департаментінде түрлі лауазымды атқарды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің басқарма басшысы, бас прокуратура жанындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы, Алматы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, Алматы әкімінің орынбасары болды.

Еске салайық, мұның алдында Бауыржан Омарбековтің ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалғанын хабарлаған едік.