Мұны оның баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Бүгін Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтарымызды елге жеткізу үшін қабылданған шаралар жөнінде есеп берді. Қазіргі уақытта Қазақстан үкіметі Катовице–Атырау–Алматы бағыты бойынша репатриациялық рейстерді ұйымдастыру мәселесін пысықтады. Қазақстан азаматтарын елге жеткізетін бірінші рейс бүгінге жоспарланған. Азаматтарымызды Украинадан алып келуге қатысты мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында, — делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігінің, елшіліктер қызметкерлерінің және Қазақстанның Украина мен Польшадағы құрметті консулдарының түрлі қиындықтарға қарамай, атқарып жатқан жұмыстарын жақсы бағалады.
Айта кетейік, 28 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанның 241 азаматы Украина-Польша шекарасынан өтті. Енді азаматтарымыз отырған алғашқы рейс бүгін, 28 ақпанда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 15.30-да Польшаның Катовице қаласынан ұшады. Қазіргі уақытта ұшақта 175 азамат отыр.