Басты бетАлматыда ауаның...

Алматыда ауаның ластануына қарсы митинг өтті

Азаттықтың хабарына қарағанда, митинг қаңтар қырғыны құрбандарын еске алып, үнсіздік жариялаудан басталды. Митингіге жиналғандар Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, украиналықтарға қолдау білдірді.

Vlast сайтының жазуынша, әкімдік өкілдері мен полиция ұйымдастырушыларға Украинадағы жағдайды айта бермеуді талап еткен, әйтпесе шараны тоқтататынын айтқан.

Жиналғандар Алматы әкімі Ерболат Досаевтың шараға келмегенін айтып, «бұл әкімнің қалаға қатынасын айғақтайтын маңызды көрсеткіш» деді.

Алматыда ауаның ластануына байланысты өткен митинг, 26 ақпан 2022 жыл. Фото: Azattyq.org

Митингіде сөйлеген азаматтар билік қала ауасын жақсарту бойынша уәдені үйіп-төккенмен іс жүзінде барған сайын ауа ластанып бара жатқанын, тұрғындардың зардап шегіп жатқанын алға тартты. Шара кезінде қаланың әрбір төртінші тұрғыны тыныс ауру түрлерімен ауыратыны айтылды. Олар экобелсенділер әзірлеген Алматы ауасын тазарту бағдарламасын жүзеге асыруға шақырды. Онда 2025 жылға дейін қаладағы барлық ТЭЦ-ті газға көшіру, ауаға азырақ қалдық шығаратын қоғамдық көлік түрлерін дамыту, жер үйлерге газ тарту, тығыз құрылыс жүргізе бермеу қажеттігі жазылған.

Азаматтардың қолында «Тыныс алғым келеді», «ДемАлматы 202?», «Таза ауаға бостандық» сияқты ауаның ластануын тоқтатуды талап еткен түрлі плакаттар болды.

Митинг кезінде Алматы дүниежүзіндегі ауасы ең лас 30 қаланың бірі екені айтылды.

Оқиғаны сырттан полиция бақылады.

Митингіні «Алматы таза ауа», «Халыққа адал қызмет» бірлестігі, Almaty Clean Air and Water Action, қалалық экобелсенділер ұйымдастырған. Шараны өткізуге қала билігі келісім берген.