Жексенбі, 13 ақпанда сағат 11-ден өте Алматының Республика алаңына қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасына жұрт жинала бастады. Мұны сол жерден «Азаттық» тілшілері хабарлады.
Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын осы алаңда жаппай бейбіт шерудің соңы қантөгіске ұласқан еді. Жексенбі күні Республика алаңында марқұмдарды еске алу шарасына шақырған үндеулер осыған дейін әлеуметтік желіде тараған.
Тәуелсіздік ескерткіші алдында бірнеше адам «Халық террорист емес» деген жазуы бар плакат ұстап тұр. Кейбіреулер қазақ дәстүрі бойынша қаза болғандардың аруағына арнап, үйден шелпек пісіріп апарған.
Бірқатар белсенді алаңдағы жағдайды әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсете бастаған еді. Сағат 11:50 шамасында алаңдағы интернет байланысы күрт нашарлап, сәлден соң мүлдем ажырап қалды.
Жұрт жиналып жатқан аумақты полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұр. Алаңның қасынан өтетін Сәтбаев көшесіндегі жолда көлік қозғалысы тоқтамаған.
Сағат 12-де Тәуелсіздік монументі алдында қаңтар қантөгісінде құрбан болғандарды еске алу акциясы басталды. Сөз сөйлеген адамдар қаңтарда үкіметке талабын айтып, бейбіт митингіге шыққан азаматтардың ажалына кінәлілерді соттап, жазалауды талап етті.
Сонымен бірге, туыстарының сөзінше, қазір ешқандай айғақ-дәлелсіз тергеу абақтыларында отырған азаматтарды босатуды, оларды азаптауға қатысы бар қызметкерлерді анықтап, жауапқа тартуды талап етті.
Ресми мәлімет бойынша қаңтар қырғыны салдарынан 227 адам мерт болған (19-ы – күш құрылымдары өкілдері), бірақ үкімет қаза тапқандардың аты-жөнін әлі күнге дейін жарияламады.