Президент қаңтар оқиғасы кезінде арандатушылар мен радикал күштердің соққысына бірінші болып ішкі істер органдарының қызметкерлері кеудесін тосқанын айтты.
Оның айтуынша, қызметкердің өзінің міндетіне адал болып, құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде табандылық пен батылдықтың үлгісін көрсетті.
Бұған қоса, президент тергеп-тексеру жұмыстары барысында заңдылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығын сақтау қажет екеніне ерекше назар аударды.
Осы қайғылы жағдай ішкі істер органдары жүйесінде кемшіліктердің көп екенін көрсетті. Оны ашық айту керек. Өткен істен барынша сабақ алып, мұндай оқиғаға жол бермеу үшін барлық олқылықты анықтап, жою керек. Сонымен бірге қылмыскерлер мен арандатушылардың бәрін тауып, заңға сәйкес жауапқа тарту қажет, бірақ рұқсат етілмеген тергеп-тексеру әдістеріне мүлде жол бермеу керек, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ішкі істер органдары құқықтық тәртіп пен азматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі болуға тиіс.
Мемлекет басшысы жаңа министрге азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және заңды мүдделерін сақтауға, халықтың полицияға деген сенімін нығайтуға тапсырма берді. Сонымен бірге ішкі істер органдарын реформалау, соның ішінде полиция қызметіне сервистік модель енгізу, қызметкерлерді іріктеудің сапасы мен дайындығын күшейту жұмыстарын жалғастыру қажет екенін айтты.
Еске салайық, бүгін, 25 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Тұрғымбаевты ішкі істер министрі қызметінен босатып, орнына Марат Ахметжановты ведомство басшысы етіп тағайындады.