Сарапшы утиль алымы туралы: 50%-ке дейін төмендету — орынды шешім

Бүгін үкімет жария еткен утиль алымды 50%-ке дейін төмендету — орынды шешім. Дегенмен аталған шара отандық автомобиль бағасын реттеуге соншалықты әсер етпейді. Себебі Қазақстанда автомобиль сатуда отандық өндірушілер үлесі — 65%. Білеміз, Қазақстанда KIA, Chevrolet, Lada, Hyundai жеңіл көліктері жасалады, яғни жоғарыда аталған маркалы көліктерге утиль алымның айтарлықтай әсері жоқ, — деді Қайрат Еламанов.

Оның айтуынша, елімізде автокөліктердің бағасы диллер және дистрибьюторларға байланысты.

Әрине, бағаны мемлекет белгілемейді, мемлекет жағдай жасайды, мүмкіндік береді. Осы орайда қазір мемлекет отандық көлік өндірушілерге жағдай жасап отыр, яғни ендігі уақытта отандық өндірушілер утиль алымды көліктің бағасына қоспайды. Бүгін үкіметте айтылған тағы бір маңызды шара — автокөлік алғысы келетіндерге бастапқы жарнасыз, жеңілдетілген несие беруді жетілдіре түсу. Бағдарламаға сұраныс бар, сәтті іске асып келеді. Оның нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Қазір көлік алу кезегінде 15 мыңдай адам тұр. Меніңше, аталған шара халық пен қоғам үшін өте пайдалы, — дейді сарапшы.

Еске салайық, бүгін елімізде автокөлік утильалымы 50%-ке дейін төмендейтіні айтылды.

Сонымен бірге Қазақстанда бастапқы жарнасыз жеңілдетілген автокредит бағдарламасының шарттары белгілі болды.