Тоқаев тұңғыш президент туралы заңнан «сабақ алу керегімізді» айтты

Бұған дейін мемлекет басшысы тұңғыш президент туралы заңға енгізілген өзгертулерге қол қойды. Соған байланысты елбасы қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойы басқару өкілетінен айырылды.

Бұл түсінікті нәрсе. Бұрын осындай заңдар қабылданды, қазіргі таңда олардың қажеті шамалы. Оны ашық айту керек. Келешекте осындай заңдар қабылдаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бұрын олқылықтар болса да, бұл – біздің тарихымыз. Бәріміз тарихтан сабақ алуымыз керек. Біздің мақсатымыз – еліміздің болашағы, өскелең ұрпақтың қамы туралы ойлау. Басқа сөз жоқ, — деді президент Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол елдегі саяси реформаларға қатысты наурызда жолдау жасайтынын мәлімдеді.

Қандай түбегейлі өзгерістер болатынын қазір айта алмаймын, бірақ біраз өзгерістер болады. Бұл туралы мәжілісте сөйлеген сөзімде айттым. Мен бастапқыда жаңа саяси реформаларды күзде жариялаймын деп ойлағам, бірақ саяси реформаларды наурыздың ортасында халыққа жолдауымда ұсынатын болдым. Қазіргі таңда жұрт реформаларды зор үмітпен күтіп отырғанын білемін. Сондықтан «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп үндеу жолдадым. Онда айтылған мәселелерді көпшілік қолдап отыр, — деді мемлекет басшысы.