Әлихан Смайылов: Экономикалық аймақтар тікелей міндеттерін орындамай отыр

Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін бағасы қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету арқылы өңдеу өндірістерін құруды ынталандыру қажет. Бүгінгі таңда үкімет тау-кен металлургия кешенінің ірі кәсіпорындарымен бірлесіп, олардың айналасында шағын және орта кәсіпорындар құру мәселесін пысықтап жатыр. Индустрия министрлігіне тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарымен бірлесіп, өңдеу деңгейі орта және жоғары өнімдер шығаратын өндірістерді құруды ынталандыру бойынша кешенді шаралар әзірлеуді тапсырамын, — деді премьер-министр.

Әлихан Смайылов президент қомақты бюджеттік қаржыландыруға және мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, арнайы экономикалық аймақтардың ел экономикасына қосып отырған үлесі төмен екенін атап өткенін еске салды.

Басқарушы компаниялардың жұмысы тиімсіз. Инвесторлар арнайы экономикалық аймақтарға кіру, қажетті инфрақұрылымның болмауы, басқарушы компаниялардың салғырттығы сияқты үнемі түрлі кедергілерге тап келеді. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылау мен үйлестіру жоқ. Шындап келгенде, инвестициялар тартуы тиіс арнайы экономикалық аймақтар өздерінің тікелей міндеттерін орындамай отыр, — деді ол

Сондықтан үкімет басшысы арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу механизмдерін түбегейлі қайта қарап, барлық жобалар мен қатысушыларға тексеру жүргізу керектігін айтты.

Жағдайды түзетуге уақыт өте тығыз. Сондықтан индустрия министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірге тиісті жұмыс тобын құрып, 1 наурызға дейін осы мәселелер бойынша, оның ішінде қажетті заңнамалық түзетулерге қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, — деді Әлихан Смайылов.