Қазақстан-қытай шекарасындағы тексеру: 8 қылмыстық іс қозғалды

Кездесуде қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы президент тапсырмаларының орындалуына қатысты атқарып жатқан жұмыстары туралы есеп берді.

Қазақстан-қытай шекарасында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш аптаның ішінде тауарды заңсыз әкелу фактілері бойынша 8 қылмыстық және 24 әкімшілік іс қозғалды.

Нәтижесінде, тауар импорты көлемінің азаюына қарамастан, биылғы қаңтар айында бюджетке түскен кедендік төлемдер мен салықтардың мөлшері 20% (26,6-дан 31,7 миллиард теңгеге дейін) өсті.

Сонымен қатар мемлекет басшысына қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағатталған жұмыстар туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, «Тариф» жобасы бойынша коммунал қызметтерінің 17 миллиард теңгеге өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін 1,3 миллион азаматтың негізсіз шығынына жол берілмеді. 13 іс қозғалды (сумен жабдықтау – 8, газбен жабдықтау – 3, жылумен жабдықтау – 2).

Балалар жылы аясында бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, «Қамқор» жобасы  жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қорғауға бағытталған. Нәтижесінде 45 іс бойынша 800 жетім баланың құқығы қорғалды.