Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы тағайындалды

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Қасымхан Алпысбайұлы Алматының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болып тағайындалды, — делінген хабарламада.

Бүгін, 3 қаңтарда денсаулық сақтау министрлігі аппаратының басшысы Батырбек Әбділдин жаңа басшыны ұжымға таныстырды және әрі қарай қызметіне табыс тіледі.

Қасымхан Алпысбайұлы 1977 жылдың 21 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысы (Түркістан облысы) Түлкібас ауданында дүние келген.

2000 жылы қазақ мемлекеттік медицина университетін «гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша бітірген.

2006 жылы Орталық Азия университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

2009 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін «менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы Бостандық ауданы санитариялық-эпидемиологиялық қызметінде бастаған. Әр жылдары Алматы аудандарының санитариялық-эпидемиологиялық қызметінде санитария дәрігері болып жұмыс жасаған.

2009–14 жылдары Алматының Жетісу ауданы санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің басшысы болып істеген.

2014 жылдан бері Алматының Медеу ауданы санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің басшысы болып қызмет атқарған.