Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы өседі

Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады екен, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары.

«Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек. Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі», — деді Елбасы.

Мемлекет басшысының айтуынша, ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс.

«Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді», — деді Президент.

«2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс», — деп түйіндеді Н.Назарбаев.

ДереккөзBaq.kz