Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі сұхбаты қазақша болады

«Бүгін республикалық телеарналардан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты көрсетіледі. Осыған байланысты президент неге мемлекеттік емес, орыс тілінде сұхбат береді деген сауалдар келіп түсіп жатыр. Аталған сұхбат әлемдік аудиторияға арналған. Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға әлемдік қоғамдастық қызығушылық тудырып отыр. Сондықтан тақырыптың өзектілігін ескере отырып, сұхбаттың мейлінше кең таралуын көздедік.

Қаңтар айында шетелдік (Ресей, Еуропа, АҚШ) ірі бұқаралық ақпарат құралдарынан мемлекет басшысының атына сұхбат беру жөнінде көп өтініш түсті. Алайда президенттің жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты біз тек «Хабар24» телеарнасымен ғана шектелуді жөн көрдік. Отандық БАҚ-қа берілетін келесі көлемді сұхбат міндетті түрде қазақ тілінде болады», — делінген жазбада.

29 қаңтарда сағат 20.00-де президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың эксклюзив сұхбаты көрсетіледі.

Президенттің баспасөз хатшысы сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды алаңдатқан қасіретті қаңтар оқиғасының себептері мен салдары, алдағы саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі серіктестерімен қарым-қатынастары туралы сауалдарға жауап беретінін хабарлады.