Алматыдағы дүкенді тонаған мародер Түркістанда ұсталды

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Түркістан полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері Кентаудағы қонақ үйге аялдаған Өскеменнің 2 тұрғынын анықтаған. Күдікке ілінгендердің біреуі ұрланған заттарды Түркістандағы ломбардқа өткізіп тұрған жерінен ұсталды.

Ұсталған күдікті бұрын қарақшылық қылмысы үшін сотталғанын анықтадық. Оның айтуынша, досымен бірге 5 қаңтарда Алматыға барған. Яғни, жаппай тәртіпсіздік кезінде Kcell, Activ дүкендерінің бірін тонап, ол жерден 5 дана Samsung телефонын, 2 дана сымсыз құлаққапты және Apple watch брендтік смарт-сағатты алып кеткен. Жалпы келтірілген шығын көлемі миллион теңгеге жуық, — деді полиция полковнигі.

Аталған жайтқа байланысты тергеушілер қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Күдікті қамауға алынды. Ал айғақты зат ретінде ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу кезінде қылмыстың барлық жай-жапсарын анықтайтын боламыз, — деді Асылжан Қалдарбеков.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің екінші сыбайласын іздестіріп жатыр.