Алматы тұрғындары өткір газ иісіне шағымданды

Қазіргі уақытта барлық хабарламаларды пысықтау үшін газ қызметінің 7 апаттық бригадасы іске қосылды,- деп хабарлады компаниядан.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ Алматы бойынша магистралдық газ құбырлары басқармасының дерегіне сенсек, 16 қаңтарда температураның +15-қа дейін жалпы нормадан ауытқып, көтерілуіне байланысты газ тығыздығы артқан.

Ол сыртқа шығатын газдың азаюына әкеп соқты. Сонымен қатар, иіс шығару қысқы режимде сақталды.

Алғаш келіп түскен өтінімдерден кейін шығатын қысымды төмендету, сонымен қатар иіс шығару нормасын төмендету туралы шешім қабылданды. Бұл ретте барлық өтінім бойынша азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей газ шыққан жоқ. Одорант физиологиялық тұрғыдан зияны жоқ. Қазіргі уақытта газды реттеу жұмыстары қолмен басқарылады,- делінген хабарламада.

Газбен жабдықтауда проблемалар туындаған жағдайда, «104» нөміріне авариялық қызметке жүгіну қажет.