Берік Уәли: Митингілерді енді қалалардың орталық ауданында өткізуге болады

Өздеріңізге мәлім, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысып, әртүрлі құқық бұзушылық бойынша ұсталған азаматтардың кінәсінің деңгейін анықтауды тапсырды. Президент олардың ауыр қылмысы болмаса, жазаны жеңілдету шараларын қабылдауға болады деп санайды. Бейбіт демонстрацияға қатысушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек, — деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Facebook-те.

Берік Уәли сонымен бірге мемлекет басшысының бейбіт жиналыстар мен митингілер заңға сәйкес өтуі керек дейтін ұстанымын да айтты.

Заңда мұндай жиындардың ескерту арқылы ғана өткізілетіні қарастырылған. Митингілер мен жиналыстарды енді қалалардың орталық аудандарында өткізуге болады. Бұл — еліміздегі демократияны ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам, — деп жазды ол.

Мұның алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде ұсталғандарға жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдетуді тапсырған еді.