Басты бетҚоғамАлматыда ҰҚШҰ...

Алматыда ҰҚШҰ әскери қызметшілерін шығарып салды

ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері тобының қолбасшысы, генерал-полковник Анатолий Сердюков барлық жеке құрамға батыл шешімдері мен әскери борышын мінсіз орындағандары үшін шынайы алғысын айтты.

Сонымен қатар қолбасшы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшылығына көпұлтты бітімгершілік контингентінің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектескені үшін ризашылығын білдірді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҰҚШҰ-ға қатысушы барлық мемлекет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық тәртіпті орнатуға және террористік қауіп-қатерді жеңуге жәрдемдесу үшін бітімгершілік контингентін тарту туралы үндеуін бірауыздан қолдағанын еске салды.

Бұл күндері бітімгерлер ауқымды жұмыс атқарды. Бірінші кезекте маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің күзеті мен қорғанысын күшейту бойынша бекітілген учаскелерде құқықтық тәртіпті сақтауға көмек көрсетілді. Мұның бәрі Алматыдағы жағдайды тұрақтандыруда үлкен роль атқарды, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев
Бақытжан Сағынтаев. Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қала әкімінің айтуынша, бүгінде қаланың тыныс-тіршілігінің барлық саласын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов бітімгерлер келген соң қазақстандық әскери қызметшілер қылмыскерлерді іздестіруге кірісе алғанын айтты.

Сіздер стратегиялық және басқа да маңызы бар нысандарды күзетуді қамтамасыз еттіңізідер. Бітімгершілік контингент келіп қазақстандық әскери қызметшілер, ішкі істер қызметкерлері содырларды іздестіру және ұстау бойынша өздерінің тікелей міндеттеріне кірісе алды, – деді Мұхамеджан Таласов.

Бірқатар бітімгер ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен «Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін» медальдары және грамоталармен марапатталды.

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Достық және әскери ынтымақтастық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, конституциялық тәртіпті қалпына келтіру бойынша бауырластық көмек ретінде Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғызстан Республикасы,  Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасы ел аумағына өздерінің саны 2 030 адам мен 250 бірлік техниканы құрайтын әскери контигенттерін жіберді.

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Кеңес одағының батыры, халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтының саптық алаңында өткен бітімгершілік контингенттерді шығарып салу рәсіміне ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Станислав Зась, Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Бақытжан Сағынтаев
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі