Сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында орман шаруашылығы саласындағы бірқатар проблемаларды шешу қажеттігін айтты.
Жаңа жыл қарсаңында ағаштарды заңсыз кесу мәселесі ерекше өзекті болып отырғанын атай келіп, жазаның қатаңдағанына қарамастан, жыл басынан бері 224 заңсыз ағаш кесу фактісі тіркелгенін жеткізді.
Өсіп тұрған ағашты қырқу ата дәстүрімізде болмаған. Жаңа жыл қарсаңында бүкіл қалаларда қылқан жапырақты ағаштардың тау-тау болып сатуға шығарылғанын көруге болады. Қазақстанда өзге елдердегі сияқты жаңа жылға арнап ағашты табиғи жолмен дайындап кесу тәжірибесі жолға қойылмаған. Сондықтан орынды сұрақ туындайды. Импорттық ағаш деп көрсетіліп, өзімізде заңсыз кесілген ағаштар сатылып жатқан жоқ па? Бір ағашты кесу арқылы біз жылына 100-ден 700 келіге дейін оттегі жоғалтамыз. Бір гектар орман 10 тоннан астам оттегі шығарады, — деді Ақылбек Күрішбаев
Сенат өкілі қалыптасқан жағдайдың бірнеше себебін атады.
Бүгінде бұл саладағы ең қиын мәселе — кадрлармен қамтамасыз ету. Егер 30 миллион гектарға жуық аумақта орман қорын бақылауды тек 147 инспектор жүзеге асырса, орман ресурстарының сақталуы туралы не айтуға болады? Олардың санын бұрынғыдай кемінде екі есе көбейту ұсынылады,- деді депутат.
Оның айтуынша мамандар орманды сақтау тұқым сұрыптаудан басталатынын айтып жүр. Осыған байланысты заманауи селекциялық орталықтар құру қажет. Елдің бүкіл өңірлерінде орман тұқымының кешендерін ұйымдастыру керек.
Орман өртінен талай ағаштан айрылып отырмыз. Сондықтан әрбір орман шаруашылығында өртті ерте бастан анықтайтын заманауи ақпараттық жүйе енгізу қажет, — деді депутат.
