Роза Бағлановаға арналған монета айналымға шығады

Бұл туралы Қазақстан ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады. Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты ақпарат ұлттық банктің сайтында қосымша жарияланады.

ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL коллекциялық монеталары туралы:

Номиналы 100 теңгелік мельхиордан соғылған монета «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясын жалғастырады. КСРО халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы, кеңестің және қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 2022 жылы 100 жыл толады.

Монета бетінің (аверсінің) орталық бөлігінде Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген.

Елтаңбаның оң жағы мен сол жағында ою-өрнек элементтері орналасқан. Монетаны айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу жазылған. Төменгі бөлігінен монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE жазуы бар.

Монетаның екінші бетінде (реверсінде) Роза Бағланованың суреті, портреттің сол жағында мерейтойлық датаны білдіретін  100 JYL деген жазу бар. Монетаны айналдыра «Ах, Самара-городок» әнінің ноталары, ROZA BAǴLANOVA, монетаның шыққан жылын білдіретін «2022» деген жазу бар.

Коллекциялық монета 15 грамм салмақта, brilliant uncirculated сапада, 100 теңгелік номиналмен 15 000 дана болып шықты. Коллекциялық монета Қазақстанның теңге сарайында жасалған.