Алматыда тағы бір бүлдіршін балабақшада таяқ жеді

Әлеуметтік желілерде балабақша тәрбиеленушілері бүлдіршінді ұрып-соққаны туралы видео тарады. Видеода басқа балалардың топ ішіндегі бір бүлдіршінді жабылып ұрып жатқаны көрсетіледі.

Алматының білім басқармасы оқиға 24 желтоқсанда Әуезов ауданы №58 балабақша тәрбиеленушісіне қатысты болғанын мәлімдеді.

Осы оқиға нәтижесінде топ тәрбиешісі мен балабақша меңгерушісі қызметінен босатылды. Әуезов ауданы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы мен білім беру бөлімінің басшысына қатысты бақылауды әлсіреткені үшін тәртіптік жазалар қолданылды, — деді басқарма өкілі.

Қазір зардап шеккен балаға психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр, баланың жағдайы бірқалыпты. Барлық мектепке дейінгі ұйымдарда алдын алу шаралары күшейтілді.

Бұған дейін Алматыда бейнебақылау камераларына түсіп қалған балабақша тәрбиешісінің әрекеті Қазнет қолданушыларын ашуландырғаны хабарланған еді. Осы оқиғадан соң тәрбиеші бап бойынша жұмыстан шығарылғаны айтылды.

Кейін Алматыда балабақшада балаларды ұрып-соқты деген тәрбиеші өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Ақпаратты қалалық полиция басқармасы бұл ақпаратты растады. Құқық қорғау органдары әйелдің асылып қалғанын, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын мәлімдеді.