Алтай Көлгіновтің сөзінше, бұл мектептер 20 мыңнан астам оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.
Мысалы, BINOM SCHOOL жаңа форматтағы инновациялық мектебіне бардым. Жаңа бес қабатты мектеп 4 мың оқушыға есептелген (2 ауысымда). Бұл мектепте оқу тегін. Мектепте робототехника кабинеттері, кинозал, мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудия, смарт-сыныптар, металл және ағаш кесу шеберханалары, TedxBinom, Speaking Club, үлкен кітапхана, ойын бөлмелері және т.б. бар. Binom мектебінің басты артықшылықтарының бірі — ерекше қажеттілігі бар балалар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа мектептердің есігі 3 тоқсаннан бастап ашылады, — деп жазды әкім Instagram желісіндегі парақшасында.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, биыл барлығы 15 мектеп салынған. Бұл шамамен 40 мың оқушы орны. Жаңа мектептер салынғандықтан 5 мектеп енді үш ауысымда оқытпайды, сонымен қатар 10 мектепте шамадан тыс жүктеме мәселесі шешіледі.
Елордада жыл сайын адамдар саны артып келеді. Соңғы 10 жылда оқушылар саны 3 есеге артты. Жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны түлектер санынан 3 есе асады. Мысалы, мамыр айында 7 мың түлек мектеп бітіріп шықса, бірінші сыныпқа 25 мың оқушы келеді. Осы мәселелерді шешу үшін қалада жыл сайын кем дегенде 10 мектеп салып отыру қажет, — дейді әкім.
Қала әкімінің мәліметінше, келесі жылы 16 мектеп салу жоспарда бар.
Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 70-ке жуық мектеп салу жоспарланды. Мектеп құрылысына жеке инвестицияны да тартамыз. Мектептер қаланың барлық ауданында, соның ішінде елді мекендерде салынып жатыр. Оқу орындарына қажеттілік бар аудандарға назар аударамыз, — деп жазды қала әкімі.
