Алматыда Абай даңғылын ұзарту учаскесінде қозғалыс ашылды

Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Абай даңғылында Наурызбай ауданының әкімшілік орталығында Бауыржан Момышұлы көшесінен Алатау көшесіне дейін ұзындығы 3,5 шақырым болатын учаскенің құрылысы аяқталып қалды. Екі бағыт бойынша көлік қозғалысы үшін үш жолақтан қарастырылған.

Алматы, жол, көлік
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Байкен Әшімов көшесінің үстінен 400 метрлік эстакада салынды, оның қозғалысын айдың соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Бұл телімде бағдаршаммен реттелетін уақытша қозғалысының сызбасы ұйымдастырылған.

Абай даңғылын ұзарту жобасын іске асыру барысында Қарғалы өзені арқылы да көпір салынды. Абай даңғылын қаланың батыс шекарасына дейін ұзарту көліктің кедергісіз өтуіне мүмкіндік берді.

Бүгін сонымен бірге Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жолайрығы ашылды.

Алматы, жол, көлік, кептеліс, автобус
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылысшыларға алғыс айтып, оларды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Жұмысшылар қысқа мерзімде күрделі жобаларды аяқтады, соның арқасында көлік инфрақұрылымы жақсарып, қала тұрғындарының мобильділігі артады.

Бақытжан Сағынтаев салынып жатқан Бауыржан Момышұлы метро станциясын аралап көрді. онда әрлеу жұмыстары аяқталып, жабдықтарды іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Жыл соңына дейін Бауыржан Момышұлы және Сарыарқа станцияларын техникалық іске қосу жоспарланған.

Метро, Алматы
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі