Биыл мектептерде жаңажылдық ертеңгіліктерге рұқсат беріле ме?

Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бүкіл білім жүйесі бас мемлекеттік санитар дәрігердің шешіміне бағынады.

Ертеңгіліктер мен басқа да бұқаралық шаралар мектептерде өтпейді. Бас санитар дәрігердің шешімі бар, біз оған бағынамыз. Сол себепті мектепте ертеңгілік те, басқа да бұқаралық шаралар болмайды, — деді министр.

Оның айтуынша, бір сынып ішінде мереке өткізу туралы шешімді мектеп әкімшілігі өздері қабылдайды.

Асхат Аймағамбетов сонымен бірге оқушыларды әлемде коронавирустың «омикрон» штамы таралуына байланысты қашықтан оқытуға ауыстыра ма деген сұраққа жауап берді.

Қазір бұл жайлы айтуға әлі ерте. Біз ведомствоаралық комиссияның шешімі аясында жұмыс істейміз. Қандай да бір қорытынды жасау үшін мәліметтер қазір жеткіліксіз, — деді министр.