Түрікменстан президенті әйелімен ресми түрде алғаш рет фотоға түсті

Бұл туралы Centralasia.media порталы хабарлады.

Реджеп Тайып Ердоған Түрікменстанға Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшыларының саммитіне қатысу үшін келген. Онымен бірге әйелі Әмине Ердоған да жүр.

Түркия басылымдары Реджеп Тайып Ердоған мен Гурбангулы Бердымұхамедовтың бірге түскен фотоларын жариялады. Түрікменстан президентінің әйелі Огулгерек Бердымұхамедова да суретке түскен. Ол ресми түрде алғаш рет фотоға түсіп отыр.

Ал түрікмен бұқаралық ақпарат құралдары Огулгерек Бердымұхамедованың фотосын жариялаған жоқ. Осы елдің тілшілері ресми банкеттен телерепортаж берген. Сол кезде елдің бірінші ханымы камераға түсіп қалған. Бірақ оператор оны ұзақ көрсеткен жоқ.

Айта кетейік, елдің телеарналары Гурбангулы Бердымұхамедовты балалары мен немерелерінің арасында жиі көрсетіп тұрады. Ал оның жұбайы ылғи кадрдан тыс қалған.