Алматы облысындағы бөгет бұзылған ауылда 150 ит құтқарылды

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысында Книжевск су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы салдарынан иесіз иттердің паналау орнына су келгені туралы ақпарат келіп түсті. Иттердің паналау орны бөгет бұзылған жерден 500 метр қашықтықта орналасқан. Иттер орналасқан жерге су ішінара кірген. Оның деңгейі шамамен 15-20 см болды. Жануарлар аман. Паналау орнында барлығы 150 ит болған. Су басқан кезде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен мекеме қызметкерлері жануарларды қауіпсіз жерге көшірген. Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеді (ішінара мұз қатқан), — делінген хабарламада.

Су, бөгет
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Еске салайық, 21 қарашада сағат 23.13-те Мыңбаев ауылы маңында Книжевск су қоймасының бөгеті жарылды. Су қоймасының көлемі 4,47 миллион текше метр, қазіргі уақытта ол 50% толы.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, үйлерді су басқан жоқ. Облыстық Мыңбаев-Қасымбек автожолы арқылы су тасқыны өтіп жатыр. Полиция қызметкерлері көлік қозғалысын шектеу үшін бекеттер орнатқан.