Елімізде биыл 195 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілді

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен азаматтарға тағайындалатынын айтты.

Бұдан басқа, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2021 жылғы 1 қарашада атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 247,1 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды, — делінген хабарламада.

Еске салайық, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға төтенше жағдай тәртібі мен карантин шектеу шараларының қолданылуына байланысты 2020 жылғы II, III және IV тоқсандарда, сонымен бірге 2021 жылғы I, II тоқсандарда көмек тағайындау ұзартылды.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сонымен бірге EGov.kz электрон үкімет порталы арқылы бере алады.