«Ең қымбат көмір — 5 700 теңге». Министр Қазақстандағы көмірдің нақты бағасын айтты

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Ляззат Рысбекова министрден көмірдің бағасы туралы сұрады.

Қазіргі кезде тасымал мен электр қуатының тарифтері өскеннен кейін тұрмыстық мақсаттағы көмірдің бағасы 9% өсті. Ал жанар-жағармай мен көмірдің бағасы өскен соң, барлық тауарлар қымбаттайды. Осы мәселені шешу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?, — деді сенатор.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, бүгінде көмірдің бағасын ұстап тұру мақсатында осы саладағы ірі кәсіпорындармен меморандумдар рәсімделді. Онда көмірдің нақты бағасы көрсетілген.

Біз Қаражыра, Богатырь мен Шұбаркөл кен орындарымен нақты бағаны келісіп қойдық. Бір тонна үшін 5 200 теңгеден басталады, ал ең қымбат көмір 5 700 теңге болады, — деп атап көрсетті Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, биыл өңірлерде көмір сұранысы 9,3 миллион тоннаны құрады. Осы уақытқа дейін 8,8 тоннасы жеткізілді.

Вагондар уақытында беріліп тұрады. Аймақтарда жағдай тұрақты. Ол жерде тарату орталықтары бар. Қазір сұраныс өте жоғары болып тұр. Осыған байланысты қараша айында қосымша 484 мың тоннаны жоспарлап қойдық. Қазақстан теміржолы мен карьерлерге қосымша тапсырыс берілді. Сұраныс артса, тапсырысты ұлғайтуға дайынбыз, — дейді Бейбіт Атамқұлов.

Бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тоғыз облыстың әкімдіктері халықты көмірмен қамтамасыз ету шараларын уақытында бақылауға алмағанын мәлімдеген. Олар: Алматы мен Нұр-Сұлтан, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары.