Биыл Алматы облысында 8 миллионнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілді

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Департамент басшысының орынбасары Қобылан Манаптың төрағалығымен офлайн режимде өткен басқосуға әр саланың жауаптылары, аудан, қала әкімдіктерінің аппарат басшылары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Басқосудың басты мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруды қамтамасыз ету, мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен өзара іс-қимылын жандандыру жөніндегі шараларды жетілдіру.

Жиын барысында сұранысқа ие, қоғамымызда маңызды болып саналатын бірнеше мәселе талқыланды. Соның бірі денсаулық сақтау саласындағы қызметтер. Мамандардың мәліметінше, жалпы ағымдағы жылы облыс көлемінде жергілікті атқарушы органдар және мекемелерде 8 миллионнан аса  мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 60%-і денсаулық сақтау саласы бойынша, — делінген хабарламада.

Осы орайда Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарының ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік қызмет көрсету сапасына және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызмет көрсету бойынша статистикалық есептерді ұсыну сапасына жүргізілген талдау нәтижелері қаралды.

Басқосуда ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері қойған әр сауалға тұщымды жауап беріп, қатысушылар кеңес барысында көтерілген мәселелерді шешу бойынша бірлескен шаралар өткізу туралы келісті. Ал, қызмет көрсетушілердің жұмыстарын жақсарту бойынша тиісті ұсыныстар қабылданып, орындауға жолданбақ.

Еске салайық, жыл басынан бері аталған жұмыс тобының бес отырысы өтті. Мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру бойынша 250-ден аса ұсынымдар қабылданған. Бүгінге дейін мемлекеттік органдарға жолданған ұсыныстар толығымен орындалған.