Қазақстанда интернет-алаяқтық фактілері көбейіп кетті

Бұл туралы премьер-министр Асқар Маминнің төрағалымен өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды.

Интернет-алаяқтықтар Нұр-Сұлтан мен Алматыда, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында көбірек тіркелген.

Кибер-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері – интернет-хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем не толық төлем алу (8,2 мың факт), микрокредиттік ұйымдардың сайттарында жалған онлайн-қарыз ресімдеу (2,7 мың), банктердің қауіпсіздік қызметтерінің атынан қоңырау шалу арқылы банк шоттарынан ақша ұрлау (2,3 мың), түрлі жобаларға, ойындарға және т. б. тиімді ақша салуды ұсыну (1,9 мың), жалған сілтемелер жіберу арқылы жеке деректерді немесе ақшаны иелену (1,3 мың) және т. б., — делінген хабарламада.

Үкіметтің баспасөз қызметі алаяқтар шығыс нөмірлерін қазақстандық ұялы операторлардың абоненттік нөмірлеріне ауыстыру бойынша хакерлік бағдарламаларды қолданатынын хабарлады.

Интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелерін кадрлық және техникалық қамтамасыз ету күшейтілді.  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің биылғы сәуір айында онлайн микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды сәйкестендірудің жаңа тәртібін енгізді – сәйкестендіру үш тәсілдің бірімен жүргізіледі, атап айтсақ: ЭЦҚ арқылы, қарыз алушының биометриялық параметрлерінің сәйкестігін салыстырып тексеру, жеке деректерді екі факторлы тексеру және нақты уақыт режимінде тұлғаның бейнесін тексеру, — делінген хабарламада.