Қазақстанда 540 мың азамат қарызын өтемей жүр

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде банктердің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесіне арнайы тоқталды.

Қыркүйек айында Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Президент мұны ақтауға болмайтын қылмыс деп атады және Қазақстанның құқықтық мемлекет екенін, барлық даулы мәселе тек заң аясында ғана шешілуі керегін айтты.

Ешкімнің заңсыз әрекетпен мәселе шешуіне рұқсат етілмейді. Бұл қайғылы оқиға қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындамауы, банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерді алып қою, сату және тиісті бағалау тетіктерінің шикілігі мәселені жүйелі шешу қажет екенін көрсетті. Бүгінде 540 мың отандасымыздың қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асқан, жалпы сомасы 354 миллиард теңге болатын берешегі бар. Қаржы секторына зиян келтірмей, борышкерлерді қолдау үшін тиімді шаралар қабылдау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.