Нұрлан Ноғаев халықты балабақша бизнесімен айналысуға шақырды

«Мемлекет балабақшалар мен мектептерді көптеп салып жатыр, салады да. Бірақ, кезек мәселесін тезірек шешу үшін бұл іске жеке кәсіпкерлерді тарту жұмысын күшейту керек. Тұрғындардың өздері бас көтеріп балабақшалар ашсын. Бұл бизнеспен айналысамын дегендерге мемлекет қолдау көрсетіп отыр, – деді Нұрлан Ноғаев Мақат ауданына барған жұмыс сапарында.

Аймақ басшысы, халық қамын тек басшылар емес, тұрғындардың өздері де күйттеп, жұмыс істеу керектігін айтты. 

Қазір балабақша ашқысы келетіндер үшін енгізілгелі жатқан қолдаудың бір түрі ретінде кезектен алып тастау мәселесін айтуға болады. Бұрын баласын жеке балабақшаға орналастырған ата-ана кезегі келгенде мемлекеттік мекемеге ауысып кететін. Ол осылайша екі жаққа да салмақ салып, басқа балалардың орналасуына кедергі келтіретін. Ендігі ортақ стандартта жеке балабақшаға орналасқан бала кезектен шығарылады деген пункт бар. Бұл жеке кәсіпкерлердің клиенттерінің тұрақты болуына көмектеседі.

Айта кетелік, қазір облыста жеке меншік 30 балабақша бар. Оның 28-і Атырау қаласында, біреуі Мақат, екіншісі Жылыой ауданында жұмыс істеп тұр. Махамбет ауданында бұл іске бір кәсіпкер қызығып отыр. Қалған аудандарда жеке балабақша жоқ.