Талдықорғанда Жамбылдың 175 жылдығына арналған халықаралық айтыс өтті

Еліміздің аузымен құс тістеген ақындарымен қатар Қырғыз елінің төкпе айтыскерлері арнайы келді. Айтысты құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімі Амандық Баталов Қырғыз делегациясына қош келдіңіздер деп, ыстық ықыласпен қарсы алды, — деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл — халықаралық айтыс Алатауды жағалай қоныстанған екі ел арасындағы ғасырдан жалғасып келе жатқан қасиетті өнерге деген құрмет. Бұл — кешегі Сүйінбай мен Тоқтағұл,  Жамбыл мен Қатағаннан қалған мәңгі сыйластық. Бүгінгі айтыста Жамбыл баба өнерінің жаңа қырлары жырланып,  айтыскерлер достықты ту етеді деп сенемін. Осы айтысқа Қырғыз елінен Қаныбек Қапашұлы Иманалиев бастап келген қадірлі қонақтарымызға, айтыскер ақындарымызға «қош келдіңіздер» деймін, — деген Амандық Баталов Қаныбек Иманалиевтің иығына шапан жауып, естелік сыйлықтар тарту етті.

Қонақтар атынан сөз алған Қ.Иманалиев:

Қазақ пен қырғызды басқалардан өзгеше ететін өздеріне тән бір биігі бар. Ол — киелі сөз. Біз сөзді байлықтан да,  басқадан да,  тіпті өмірден де биік қоямыз. Қазақ пен қырғыз жылқыға мінгенде,  домбыра мен қомыз тартқанда және айтысқа түскенде арқаланады. Рухани жақындығы мол қос елдің тәуелсіздігі баянды болып,  өнері өрістей берсін,  — деді.

Бұдан әрі ақындар жереби арқылы жұпталып,  сөз сайысы басталды. Айтыс бүгін күні бойы жалғасады.

Еске салсақ,  Халықаралық айтысқа ел атынан Жандарбек Бұлғақов,  Мұрадым Мирланов, Жалғас Мақсұтов, Айшолпан Тілеутай, Сырым Әуезхан, Қырғыз ақындары Амантай Құтманалиев, Азамат Блогонбаев,  Асылбек Маратов,  Баян Акматов,
Кубат Тукешов қатысып жатыр.

Сөз додасына Халықаралық Түркі академиясының президенті, алқа төрағасы Дархан Қыдырәлі, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Жұмабай Шаштайұлы, Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі,  композитор, публицист, Қырғызстанның халық әртісі Түгөлбай Қазақов,  Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі, айтыс ақыны Айтақын Бұлғақов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхаметжан Тазабеков, ҚР Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы Серік Қалиев, айтыскер ақын Балғынбек Имашев қазылық етті.

Айта кетейік, жыр алыбына арналған шаралар алдағы күндері де жалғасып, «Жамбыл ізімен» атты экспедиция Алматы, Тараз, Бішкек, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына шығып, Жамбыл атамыздың есімін ұлықтайтын болады.