«Кәсіпорындар қайта карантинге жіберіледі…». СҚО әкімі үндеу жасады

Оның айтуынша, облыста эпидемиологиялық ахуал күрделі. Күніне жүздеген адам вирус жұқтырып жатыр. Науқастардың барлығы — вакцина салдырмаған азаматтар.

Өңірде бүгінде 120 мың адам екпе алмаған. Зейнеткерлердің тек 20 проценті вакцина алған. Тиісінше, ауруханалардағы науқастардың да көпшілігі — қарт адамдар, — деді ол.

Әкім ересектер қарт ата-аналарына қамқорлық жасап, вакцина туралы дұрыс ақпарат жеткізіп, оны алуға ықпал етуге тиіс екенін атап өтті.

Мен вакцина алмаған 120 мың адамның арасында саналы да жауапты азаматтар бар екеніне сенемін. Мен де, отбасым да екпе алды. Бұл қауіпсіз және тиімді. Менің сөздерімді вакцина алған 250 мың солтүстікқазақстандық растай алады, — деді Құмар Ақсақалов.

Әкімнің сөзінше, көп адам әлі де вакцинаға күдікпен қарайды. Алайда, жақындарын жоғалтқан жандардың вакцина жайлы көзқарасы өзгерген.

Жыл басында созылмалы аурулары барларға вакцина алу қарсы көрсетілім ретінде белгіленген. Дегенмен қазір мамандар вакцинаның көпшілік үшін қауіпсіз екенін айтып жатыр, — дейді әкім.

Қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысы «қызыл» аймақта тұр. Коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша өңір алғашқы үштікке енді. Өткен тәулікте мұнда 145 адам инфекция жұқтырды.

Құмар Ақсақалов егер жағдай жақсармаса, қатаң шаралар қолдануға мәжүр болатынын айтты.

Жоспарлы госпитализацияны тоқтауға мәжбүр боламыз. Өйткені, барлық медициналық мекеме инфекциялық мақсатта пайдаланылады. Кәсіпорындар қайта карантинге жіберіледі. Бұл экономикаға кері әсер етпей қоймайды. Адамдар жұмысынан айырылып, табыссыз қалады, — деді ол.

Қазан айының ортасында облыстың бас санитар дәрігері Арман Көшбасов коронавирусты жұқтыру көрсеткіші төмендемесе, Солтүстік Қазақстан облысында толық локдаун енгізілуі мүмкін екенін айтқан еді.

Екі аптадан бері облыс «қызыл» аймақта тұр. Егер коронавирусты жұқтыру көрсеткіші төмендемесе біз кәсіпорындардың жұмысын тоқтатып, толық локдаун енгізуге мәжбүр боламыз. Өйткені науқастар саны көбейсе медициналық мекемелерге де үлкен салмақ түседі, — дейді Арман Көшбасов.

Санитар дәрігерлер аурудың өршуін вакциналау көрсеткішінің төмендігімен және «дельта» штамының таралуымен байланыстырады.