«Ақтөбе» футбол командасына бұрынғы әлем чемпионы келді

31 жастағы футболшы 15 қаңтардан бері «Ақтөбенің» қаралымында жүрді. Соңғы рет ол Аргентинаның үшінші дивизионындағы «Чако Эвер» ұжымында ойнаған.

Торрес кәсіби мансабын 2002 жылы Авельянеда қаласының «Расинг» командасында бастаған. Осыдан соң «Сан-Лоренсода» доп тепті. Ал 2011-2014 жылдары Украинаның «Металлист» клубында өнер көрсетті.

Аргентина жастар құрамасымен 2005 жылы әлем чемпионы атанған. Бұл турнирде ол барлығы 5 матчқа қатысты. Бүгінде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Лионель Месси, Серхио Агуэро, Пабло Сабалета сынды бірқатар әлем жұлдыздарымен бірге жаттыққан.

Қазақстан чемпионатының тарихында Торрес үшінші аргентиналық болмақ. Бұған дейін «Атырауда» Хавьер Леон, «Сұңқарда» Луис Родригес ойнаған.

Айта кетейік, «Ақтөбенің» бас жаттықтырушысы Игорь Рахаев Торрестің талантымен етене таныс. Ол «Менталлист» сапында жүргенде Рахаев бапкерлік алқасында қызмет еткен.

ДереккөзEgemen.kz