— Алуа, жуырда «Алтын сақа» баспасынан «Ерекше ертегілер» атты кітабыңыз жарық көрді. Құттықтаймыз! Бұл кітап қалай жазылды?

— Бұған дейін балабақшада психолог болып жұмыс істедім, осы қызметім барысында әртүрлі баланы қабылдадым, сөйлестім. Әр баланың проблемасына қатысты ертегі жаза бастағаным да сол кез. Жазып жүріп баланың ертегі арқылы тез түзелетінін байқадым. Осыдан соң бұл жұмысты жалғастырдым. Кейін бұл тек өзім істеген балабақшадағы бүлдіршіндерге емес, басқа балаларға да пайдалы болсын деген үмітпен жазыла бастады.

— «Ерекше ертегілерде» баланың жаңа жерге үйренуі, ашуын басқаруы, қорқыныштарын жеңуі, жақсы тамақтануы, қалауының тез орындалмауы сияқты мәселелер айтылады. Мұны балаға қандай мысалдармен түсіндіруге тырыстыңыз?

— Көп жағдайда бала тамақ ішпей немесе жылап жатса, ата-ана бірден қорқытқысы келіп тұраады. Мысалы, тамақ ішпейтін балаға «Мынаны ішіп-жемесең, өспей қаласың» дейді немесе жылайтын балаға «Жылама. Қазір бабай әкетеді» деп айтылуы мүмкін. Өкіншке қарай, мұндай қорқыту бала тәрбиесінде жақсы нәтиже бермейді. Ол қорыққаннан тамақ ішеді немесе бір істі орындайтын шығар, бірақ осының салдарынан психологиялық травма алып жатады. Мұның соңы баланың бойындағы басқа проблемаларға да себеп болуы ғажап емес. Мысалы, кекештеніп сөйлеуі, ернін, саусақ терісін тістей беруі мүмкін. Сол себепті балаға тікелей емес, басқалай жеткізуге болады. Мұны басқа балалардың мысалы арқылы түсіндіру нәтиже береді. «Мынадай кейіпкер дәл сен сияқты ештеңе ішпейтін көрінеді, ол кейін мұның денсаулыққа пайдасын біліп, тамақтанатын болыпты» деп түсіндірудің жолы бар және бұған бала құлақ асады. Кейде бала ата-ананың тура айтқан жай сөзін де тыңдамай, одан сайын ерегісуі мүмкін. Осы себепті мұндай өзекті мәселелерді «Ерекше ертегілер» кітабында қамтуға тырыстым.

Алуа Есболатқызы
Алуа Есболатқызы. Фото жеке архивінен

— Қазіргі балалардың бойында қандай проблема көбірек кездеседі?

— Қазір ата-ана балаға тым көп гиперопека жасайды. Гиперопека — балаға шамадан тыс күтім, қамқорлық көрсету. Ата-анада «Былай жасасам, балаға зиян болмай ма екен?» деген уайым көп. Олар балаға ұрыспаса да, бұл нәрсе бәрібір ішінде тұрады. Күйзелісте жүреді. Ал ересектердің бойындағы стресс балаға да әсер етеді.

Екінші мәселе — балаға тым шектен тыс ерік беру. Психолог ретінде баланың ережеге бағынуын, оны құрметтеуін құптаймын. Ереженің не екенін білмейтін бала тым ашушаң, агрессив болып кетеді. Балаға тым ерік беріп, оның айтқанын жасай беру де дұрыс емес. Менің қабылдауымда ашуын басқара алмайтын балалар да болады. Мұндай балада қорқыныш та көп болады. «Бұлай істей берсем, соңында не болуы мүмкін» деп ойлайды.

Сосын кейбір ата-ана тым қатал, талапшыл. Мұны да құптамаймын. Өйткені мұндай нәрседен бала қорқып қалуы мүмкін.

— Бүгінгінің баласына қандай кітаптар керек?

— Балаларға дұрыс құндылықты ұғындыратын кітаптар керек. Өйткені қазіргі уақытта бала гаджетте тым көп отырады, теледидар көреді, интернет те шексіз. Сондықтан ата-ана балаға жыныстық тәрбие, отбасы, дін құндылығы жағын түсіндіретіндей білім беруі керек. Өзінде де мұндай білім болуға тиіс. Мұны ата-ана балаға әртүрлі канал арқылы бере алады. Мысалы, терапия ертегісі арқылы. Авторды дұрыс таңдау да маңызды. Ата-ана әуелі шығарманы өзі оқып алғаны жөн. «Бұл біздің отбасымыздың құндылығына сәйкес келе ме?» деген сұраққа жауап табуы қажет. Содан кейін ғана кітапты сатып алуы керек.

— «Әлидің бастан кешкендері» кітабының басты кейіпкері — Әли. Ол Рамазан айын күтіп жүрген әке-шешесімен бірге ораза ұстаймын дейді. Бұл кітапта сонымен бірге балаға Алла тағала, Құран, садақа беру, адамдардың бір-біріне құрмет көрсетуі жөнінде де әңгімелер бар. Әлі мектепке де бармайтын балаға мұның бәрін қарапайым тілмен қалай түсіндірдіңіз? Ойын баласына мұндай тақырып тым ауыр емес пе?

— Кітапты жазарда балалардың «Рамазан айында қандай іс-әрекеттер жасалады?» деген сұрағынан олардың тілінде жауап беруді мақсат еттім. Бұл тақырыпты өз балама қалай әңгімелесем, кітапта дәл солай түсіндірдім.

Менің ойымша, ойын баласына мұндай тақырып ауыр емес. Неге? Өйткені балаға қазір қарапайым тілмен айтып бермесек, кейін мүлдем түсінбей қалуы мүмкін. Ненің не екені жастайынан санасына сіңбесе, кейін дін бойынша да қате білімге кезігуі ықтимал.

— Шығармаларыңызды оқырман қалай қабылдап жатыр? Автор ретінде олармен байланысты қалай орнатасыз?

— Кітаптарымның таныстырылымын бір рет офлайн жасадық. Өзім көбіне оқырмандарыммен Instagram-дағы парақшамда сөйлесіп тұрамын. «Әлидің бастан кешкендері» кітабы бірден жазылып, оқырманға жеткен жоқ. Рамазан айында Telegram-каналыма күн сайын әңгімелер жариялап отырдым. Кейін мұны кітап етіп басып шығардық. Сол кездің өзінде жағымды көп пікір оқыдым. Кітап басылып шыққаннан кейін де жақсы, жылы лебіздер естіп жатырмын. Әлі күнге дейін солай.

Алуа Есболатқызы
Алуа Есболатқызы қызымен бірге. Фото жеке архивінен

— Кітаптарыңыз қалай сатылып жатыр? Балаларға арнап кітап жазуды табысты жұмыс деуге келе ме?

— Кітаптар өте жақсы сатылып жатыр деп ойлаймын. Себебі Kitap al дүкені сөресіндегі кітаптардың әр келген сайын сатылып кететінін байқаймын. Кейін дүкен қызметкерлері қоймадан әкеліп, сөреге қояды.

Балаларға арнап кітап жазу табысты жұмыс деп айта алмаймын. Оның үстіне, ата-аналар да баласына кітап алуды қалыпты нәрсеге, әдетке айналдыра алмай келеді. Мұны әлеуметтік жұмыс деуге келеді.

— Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Baribar.kz автордың рұқсатымен «Арман мен ашу», «Қалауы көп қонжықтар» ертегілерін оқырман назарына ұсынады.

Арман мен ашу

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, заман ескі екен, адам есті екен, бір ауыл болыпты. Ол ауыл таудың етегінде жападан жалғыз орналасқан екен. Сол ауылда адамдардың барлығы бейберекет бір-бірімен тату өмір сүріпті. Ара-тұра ол жаққа сиқырлы қар жауыр тұрады екен. Мұндай қар жауғанда далаға тура бір жақұттар шашып тастаған ба дерсің, айналаның бәрі жарқырап сала береді екен. Үлкендер балалардың мұндай қармен ойнауларына тыйым салып, өте зиян екенін ескертіп жүреді екен.

Бір күні кішкентай Арман ерте оянып алды. Үйдегілердің барлығы ұйықтап жатыр екен, киімін киді де, далаға шықты. Сиқырлы қар жауыпты.

Әдемі көріністен көзін ала алмады. Қолына қарды алды да, кішкене аузына салып көрді. Ешкім маған ескерткен жоқ қой, бәлкім, бұл сиқырлы қар емес шығар деп ішінен ойлады. Қар сұп-суық, қызық, сонша әдемі болғанымен дым дәмі жоқ екен. Дәмін татқаны сол еді, қатты ашуланғанын сезінді. Бағанадан бері көзін қызықтырып тұрған қар да ашуына тиді, сырғанайтын жақтағы жолды жауып тастапты. Үйге кіріп еді, қара көлеңкелі үйдің іші ызасына тиді. Анасына ашуланды, әлі таңғы ас дайындамапты. Не керек, сол күннен бері Арман қатты ашуланатынды шығарды. Тіпті, достарымен ойнай да алмай қойды. Жеңіліп қалса, қатты ашуланып, олармен сөзге келіп қалатын. Солай уақыт өте берді, Арманның ашуы үдей түсті.

Содан бір күні Арман тағы да інісімен ашу үстінде ұрысып қалды. Негізі ол достарын да, туғандарын да ренжіткісі келмейтін, сөйтіп мұңайып, уайымдап отырған кезінде ұйықтап қалады. Түсінде бір жиҺангезді кездестірді. Жиһангездің сақал-шашы аппақ, өзі де аппақ киініп алыпты. Арман түсінбей «Сіз кімсіз?» деді. Жиһангез «Мен әлемді аралып, кезіп жүремін, мені қай бала шақырса, соған келемін» деді. Арман таңғалып «Мен сізді шақырған жоқпын» деді. Жиһангез «Иә, сен емес, сенің мұңайғаның. Әлемде қай бала мұңайса, мен соған келемін. Сен де қатты қайғырып тұр екенсің. Жүр мен сені өз сезімдеріңмен кездестірейін» деді. Жиһангез қолын бір-біріне соғып еді, Арман лезде бір бөлменің ішіне кіріп кетті. Жан-жағына қараса, дым көрінбейді. Мұның ашу екенін сезді. «Әәә, мен ашудың ішінде екенмін, ашу мені жұтып қойған екен ғой» деп ойлады.

Тез қашып шығайын деп айналысына мұқият қараса, бұрышта кішкентай тесік тұр екен, Арман тышқанға айналып, тесіктен шығып кетті.  Ашу Арманды жұту үшін мысыққа айналып, артынан қуды. Арман түлкіге айналса, ашу тазы итке айналып қуа түсті. Арман балық болып суға түсті, ал ашу балықшының торы болып ұстамақ болды. Сол кезде Арман алмаға айналып,  бір шалдың  үстеліне түсті, ал ашу оның қолындағы пышаққа айналды. Арман  алманың дәнегі болып жерге құлады, ал ашу  тауық болып дәнді шоқи бастады. Арман  инеге айналып еді, ашу  жіпке айналды, Арманды жұтып алып, басқарғысы келеді. Арман бар күшін жинап, торғайға айналды да, ұшып кетті. Ал ашу тасқа айналып, ұрып түсірмек болды. Арман тез стақандағы  су  бола қалып еді, тас суға құлады.

Сен ашуыңды жеңдің деген жиһангездің даусы құлағына естілд. Арман оянып кетті. Өңі ме түсі ме түсіне алмай біраз отырды. Дегенмен, өзінің ашуы сейіліп, жеңілдеп қалғанын сезді. Іштей жиһангезге ашумен бетпе-бет кездесуге көмектескені үшін алғыс айтты.

Жоқ, ашу өлмеді, ол одан әрі де Арманның бойында қала берді. Бірақ содан бері Арман өзінің ашуын оңай басқара алатын болды.

Қалаулары көп қонжықтар

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен, көрген адам көсем екен, айтқан адам шешен екен, аю әке, аю ана және екі қонжық болыпты. Екі қонжықты әкесі мен анасы қатты жақсы көріпті. Бірге ойнапты, үй жұмыстарын істепті. Бірақ қонжықтар әкесі мен анасынан не сұраса, соны лезде беруін қалайды екен. Әкесі мен анасы бермесе, айғайлап, жылап кетеді екен. Үлкендер әр нәрсенің өз уақыты болады, кәмпит жеудің де, мультфильм көрудің де, ұйықтап, бала бақшаға барудың да десе, көнбейді екен.

Бір күні қонжықтар өзара келісіп алып, аналарынан бал кәмпит сұраймыз депті. Сөйтіп ыдыс жуып жатқан анасына: Анашым, біз бал кәмпит жегіміз келіп тұр, депті. Анасы: «Қазір қолым бос емес, жуып болғасын алып берейін”, депті. Бірақ екі қонжық қатты ашуланып, дәл қазір алып беруін сұрапты. Анасының қолы су, сабын болып, кейінірек беремін күте тұр депті. Қонжықтар ашуланып әкесіне барыпты, “Біздің дәл қазір бал кәмпит жегіміз келіп тұр» депті. Әкесі машина жөндеп жатыр екен, “Балаларым, қолым май, күте тұрыңдар” депті. Қонжықтар одан сайын ашуланып, бізге дәл қазір керек деп, ашуланып, айғайлап жылапты, әкелерінің “күте тұр” дегеніне көнбепті. Кейін қонжықтар әжелеріне айтыпты, әжелері нан илеп жатыр екен, қолым ұн деп, ол да бере қоймапты. Қонжықтар тағы да ызаланып жылап аталарына барыпты. Аталары бақшаға су құйып жатыр екен, күте тұрыңдар десе, қонжықтар көнбепті. Бізге дәл қазір керек деп тағы да айғайлапты. Сөйтіп екеуі айғайлап, жалап, шаршап, күштері таусылып, ұйықтап қалыпты.

Түстерінде, сиқырлы әлемге тап болыпты. Ол жақта печеньелерден соғылған әдемі үйлер, шокалодтан өзен, чупа чупстан ағаштар, бал кәмпиттерден тастар көздің жауын алып тұр екен. Ал дәл ортада үлкееен телевизордан айғайлап, мультфильм көрсетіп жатыр екен.

Бұл мекен дәл қазір орындалатын армандар мекені екен. Қонжықтар басында мәз болып, жақсы болды ғой, кәз тойып тәтті жеп, қалағанша мульфильм көреміз депті. Сөйтңп екеуі бал кәмпит десе, алдыларына көп кәмпит келіпті, шоколад десе, діл сол сәтте шоколад келеді екен. Сөйтіп екеуі кешке дейін кәмпит, шоколад жей беріп, іштері ауырып, ұйқылары келіп, мульфильм өшпей, бастары ауырып, не істерін білмепті. Анасы мен әкесінің әр нәрсенің өз уақыты болады, күтіп үйрену керек, тәттіні шегімен жеу керек, мультфильмді аз ғана уақыт көру керек деген сөздерінің бәрін естеріне алып, «Олар дұрыс айтқан екен ғой» депті. «Болды, бізге біздің қалағанымыздай дәл қазір болудың қажеті жоқ» деп айтып оянып кетіпті. Содан бері, екі қонжық күтуді үйреніпті, әкесі мен анасы кейінірек десе, бостан босқа айғайламай күтеді екен. Тәттіні шектеулі жеп, мультфильмді де аз көретін болыпты.