Алексей Цой: Қазақстанда коронавирустың қарқыны бәсеңдеп жатыр

Бүкіл әлемде коронавирус инфекциясының 240 миллионнан астам, тәулігіне 300 мыңға жуық жағдай тіркеліп отыр, 4,9 миллионнан астам адам қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағындағы мәліметтері бойынша, кейінгі екі аптада 54 елдің 33-інде аурудың өсуі байқалған. Кейінгі 14 күнде аурудың ең көп өсуі Польшада байқалды. Онда сырқаттану деңгейі 122%-тен асқан. Грузияда – 98%, Украинада – 69%, Венгрияда – 50%-тен астам, Арменияда – 40%-дан астам, Ресейде – 30%, Молдовада – 20%-тен астам, Түркия, Аустрия және Германия, Қырғызстан, Беларусь елдерінде 2-ден 10%-ке дейін өскен, – деді Алексей Цой Үкімет отырысында.

Министр әлемнің 21 елінде коронавирустың беті қайтып, эпидемиялық ахуал тұрақталып келе жатқанын айтты.

Сырқаттану көрсеткіші Израильде 61%, Испанияда 43%, Швейцарияда 39%, Черногорияда 24%, Италияда 22%, Францияда 16%, Әзербайжанда 7% түскен. Қазақстанда кейінгі екі аптада сырқаттану 17%-ке төмендеді, – деді денсаулық сақтау министрі.