— Дарын, пандемия кезінде Қарағандыда алғашқы дәрігер-волонтер мектебін ашып, еріктілермен бірге коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге көмектестіңіздер. Ал қазір мектеп әлі жұмыс істеп тұр ма?

— Медицина қызметкерлерінің жұмысы адамдарды емдеу, көмек беру болғандықтан біз — өмір бойы волонтермыз. Дегенмен бұған дейін Қазақстанда дәрігер-волонтер мектебі болмаған. Пандемия кезінде науқастардың күрт көбеюі, ауруханалардағы кадрдың тапшы болуы және науқас күтімімен айналысу қиындық тудырды. Осы жайттың барлығын ескеріп, Қарағандыдағы медицина университетінің студенттерін жинап, 2021 жылдың қаңтарында дәрігер-волонтер мектебін аштық.

Бұл мектепте волонтерлар коронавируспен күресуді ғана емес, күнделікті өмірде кездесетін басқа да аурулардың алдын алуды, жалпы медицина базасын үйренеді. Арнайы курстан өткен соң ауруханалардағы дәрігерлер мен науқастарға жәрдемдеседі. Біз Қарағандыдағы медицина мекемелерімен тығыз байланыстамыз. Олар көмек қажет кезде хабарласады. Қолы бос, мүмкіндігі бар волонтер көмекке барады.

Осыған дейін дәрігер-волонтер мектебінде 120 адам онлайн және офлайн білім алды. Оларға кәсіби дәрігерлер теорияны да оқытып, практика жүзінде де көрсетеді.

Волонтер-дәрігер
Фото жеке архивінен

— Кез келген адам дәрігер-волонтер бола ала ма?

— Иә, кез келген адам дәрігер-волонтер бола алады. Алғашқы мектеп курсына медицина университетінің студенттері ғана қатысты. Кейін қарапайым адамдар әлеуметтік желіден орталық туралы естіп, волонтер болуға ниет білдіріп, келе бастады. Оларға да есігіміз ашық.

Қазір волонтерларды екі топқа бөліп оқытамыз. Бірінші топтағы медицина унивеситеті студенттеріне арнайы курстар өтеміз. Ал басқа саладағы қарапайым адамдардың ауруханаларда кей медицина шараларын орындауға құқы жоқ. Сол себепті оларға науқас күтімі, қорғаныш киімін кию, коронавирус инфекциясын анықтау, инсульт пен инфарктіні ажырату, жедел-жәрдем шақыру және алғашқы медицина көмегін беруді түсіндіреміз, үйретеміз.

Курстан соң волонтерлар емтихан тапсырады. Бұл адамды бағалау үшін жасалмайды, оқып-үйренгенін есіне түсіруіне көмектеседі.

Волонтер-дәрігер
Фото жеке архивінен

— Кейбір елде дәрігер-волонтерлардан сотталмағаны, туберкулезбен ауырмайтыны туралы анықтама қағазы талап етіледі екен. Ал бізде қалай?

— Қазіргі таңда волонтер ауруханада көмектесе алуы үшін вакцина салдыруы қажет. Негізі мектебіміз вакцинацияны дұрыс шешім деп есептейді және ол бойынша үгіт-насихат жүргізеді. Сол себепті біздің еріктілер біртіндеп өз еркімен вакцина салдырып жатыр. Бұдан басқа ешқандай талап жоқ. Волонтердың жасына, ұлтына, нәсіліне шектеу жоқ. Оның сотталып-сотталмағыны туралы анықтама қағазын да сұрамаймыз. Біріншіден, адамды түрмеден шыққаны үшін алалауға заң бойынша құқығымыз жоқ. Екіншіден, волонтердың өткен өмірінен гөрі қазіргі мақсаты мен қабілеті маңызды. Дегенмен қауіпсіздік шаралары сақталған.

Дәрігер-волонтер болуға көбіне жастар қызығады, себебі оларға көмек берумен қоса адамдармен коммуникация орнату қызық. Ал  медицина университетінде оқып жүрген болашақ дәрігерлер тәжірибе жинағысы келеді.

Дегенмен волонтерлар арасында үлкен жастағылар да бар. 45 жастан асқандар өзінде немесе жақын адамында кездесетін ауруды жіті біліп, алдын алуды үйрену үшін келеді. Денсаулығына қатысты өміріндегі оқиғалардың қайталанбауы үшін дәрігер-волонтер мектебінің курстарына қатысып жатады.

Волонтер-дәрігер
Фото жеке архивінен

— Сіздіңше, Қазақстан азаматтарының медицина бойынша сауаты қандай деңгейде? Олар өзіне немесе жақынына алғашқы медицина көмегін бере ала ма?

— Өкінішке қарай, азаматтардың медицина бойынша сауаты төмен. Тіпті алғашқы медицина көмегін бере алмайтындар бар. Елімізде мектеп қабырғасынан бастап балаларға алғашқы медицина көмегін, жедел жәрдем шақыруды үйрететін курстар, электив пәндер жоқ. Мемлекет осы мәселені қарастырса екен деймін. Себебі кез келген адамның өмірінде түрлі шұғыл жағдай болуы мүмкін. Мысалы, көлік апаты кезінде адамның көбіне аяқ-сүйегі ашық жарақат алады. Сол кезде ең басты мақсат — қанды тоқтату. Осындай жағдайда қанды тоқтату үшін жгутты қалай, қай жерге салу керек, қалай байлау керек екенін 5 класс оқушысына дейін үйрету керек. Әр секунд, минут маңызды. Осындай кішкентай ғана шара адамды аман алып қала алады.

Дегенмен мектептерде алғашқы медицина көмегі міндетті емес, электив пән ретінде болғаны дұрыс деп есептеймін. Мәселен, бізде өзін-өзі тану пәні бар. Бұл пән адамның ішкі жан дүниесін түсінуге, өзін-өзі тұлға ретінде тануға, адамдармен қарым-қатынас орнатуға көмектеседі, бірақ оқушылар оған өте салғырт қарайды. Алғашқы медицина көмегін үйрету де дәл осы пән сияқты болып қалғанын қаламаймын. Одан гөрі электив сабақ ретінде өтіп, оқушылар мен студенттерге таңдау берген дұрыс.  Бұл — Еуропа елдерінің тәжірибесінде бар дүние.

Тек медицина емес, сонымен бірге заң, қаржы, әлеуметтік жағдайы жағынан дұрыс, пайдалы кеңес бере алатын курстар, тегін мектептер ашылса екен деймін. Себебі бұл салалар бойынша да халық сауаты ақсаңдап тұр.

— Әңгімеңізге рахмет!