2023 жылдан бастап ауыл мектептерін қаржыландыру жүйесі өзгереді

Ведомство басшысының айтуынша, «Bilimdi ult» жобасы аясында педагогтардың жалақысы өседі.

Асхат Аймағамбетов баршаға арналған сапалы білім ұлттық жобасының екінші міндеті орта білім беру жүйесінің сапасын арттыруды қамтитынын айтты.

Ұлттық жоба шеңберінде бір жағынан қала мен ауыл және өңірлер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту, екінші жағынан жалпы республиканың білім сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қарастырылды. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтардың жалақысын әрі қарай өсіру мәселесі қамтылды, — деді министр.

Одан бөлек, оқулықтарды әзірлеу және оларға сараптама жүргізу бойынша жаңа тәсілдерді енгізу, педагогтардың кәсіби дамыту жүйесі де жетілдіріледі.

Пандемияға және алдыңғы оқу жылындағы қашықтан оқытуға байланысты білімдегі олқылықтарды қалпына келтіру бағдарламасын іске асыру, «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру ұлттық жобаға енгізілді. Қазіргі уақытта білім саласындағы тәрбие жұмысының маңыздылығын ескере отырып, құндылықтарға негізделген білім беру тәрбие жобасын іске асыру, мектеп пен ата-ананың өзара қарым-қатынасы жүйесін жетілдіру, өзін-өзі басқару, дебат қозғалыстарын одан әрі дамыту сияқты жобалар да қарастырылып отыр, — деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.

Сонымен бірге ол 2023 жылдан бастап толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына қаржыландыруға біртіндеп көшіру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы сапа алшақтығын азайтуға септігін тигізеді.