Қызылорда облысындағы мектепте қазандық жарылды

Бұл туралы Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін сағат 08.15-те мектептен 50 метр қашықтықта тұрған отынмен жылыту қазандығы тұтанып жарылғаны туралы ақпарат келіп түсті. 64 шаршы метр алаңдағы ғимарат қабырғалары мен жабыны ішінара қираған. Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, — деді Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев.

Ауа температурасы +9 градус шамасында болғандықтан, оқуға кедергі келмеген. Қазандық үйінділері мектеп жұмысшыларының күшімен жиналып жатыр. Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің екі қызметкері мен бір техника жіберілді. Аудан әкімі, орынбасарлары, аудандық білім бөлімі мен төтенше жағдайлар бөлімінің басшылары арнайы барып, жағдайды қатаң бақылауға алған.

Қазіргі таңда апаттық жағдай орын алған жерде арнайы жұмыс тобы құрылды, апат себебі анықталып жатыр, – деді Қазалы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жеңісбек Айымқұлов.

Жарылыс, мектеп
Фото: Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі

Жылу беру маусымы басталған тұста бу қазандығының істен шығуы жұртты алаңдатты. Сондықтан аудан әкімдігіндегілер балаларға қауіп жоқ екенін айтып, ата-аналарды сабыр сақтауға шақырды.

Оқушылардың үздіксіз білім алуы үшін мектептің бу қазандығы тез арада қалыпқа келтірілетінін жеткізді.