Басты бетҚоғамМәулен Әшімбаев...

Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің негізі мақсатын атады

Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысында Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.

Сенат төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі халықаралық күн тәртібіндегі бірегей бастама және жаһандық дінаралық диалогтың нағыз тиімді тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ съезд хатшылығының басшысы Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында бейбітшілік пен жалпыұлттық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алғанына назар аударды. Ол «бірлік әралуандықта» қағидатына, елдің болашағы үшін ортақ жауапкершілікке және этносы мен дініне қарамастан азаматтардың құқықтарын құрметтеу мен қамтамасыз етуге негізделген.

Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы кезеңде бейбітшіліктің, жалпыұлттық бірлік пен конфессияаралық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бұл бағдар өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасып келеді. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен хатшылық отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас ажырамас бөлігі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге Сенат спикері биылғы хатшылық отырысы күрделі жағдайда өтіп жатқанын айтып, оған коронавирус пандемиясы мен кейінгі жылдарда әлемде басқа да жаһандық проблемалардың ушыға түсуі себеп екенін тілге тиек етті. Олардың қатарында геосаяси және геоэкономикалық факторлар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуы салдарынан туындаған халықаралық шиеленістің күшеюі, қару-жарақ жарысының үдеуі және жаһандық экологиялық күн тәртібіндегі түйткілдер бар.

Осындай жағдайда рухани көшбасшылардың басты міндеті құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру және адамдарды бейбітшілік, адамгершілік, қоғамдық келісім, өзара қолдау сияқты идеялар аясына топтастыру болуы керектігі сөзсіз. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізгі мақсаты да – осы. Сондықтан баршаңызға біздің Форумға қатысып, белсенді қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді съезд хатшылығының басшысы.