Қырғызстандағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді

Бішкек түбінде апатқа ұшыраған «Боинг 747-400F» ұшағының бортында 85 тонна 618 келі жүк болған. Бұл туралы АСТ Airlines компаниясының ресми мәлімдемесінде айтылған.

Компания өкілі Айше Кынранның хабарлауынша, апаттан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төленеді. Компания мәліметі бойынша, экипаж Гонконгте 69 сағаттық демалыстан соң Бішкек арқылы Стамбулға ұшып шыққан. Ұшақтың техникалық дәптерінде ақау туралы ештеме айтылмаған.

«Компания басшылығы лайнердің құлау себептерін зерттеп жатқан қырғыз мекемелерімен тығыз байланыс ұстап отыр. Ұшақ бортындағы жүктің барлығы сақтандырылған», — делінген мәлімдемеде.

Қырғызстан вице-премьері Мұхамметкалый Әбілғазиевтің хабарлауынша, үкімет тарапынан қаза болғандардың отбасылары 100 мың сомнан алады. Үкімет ауруханада жатқандардың емін төлейді. Арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, Гонконг-Стамбул рейсіне шыққан лайнер «Манас» әуежайына жанармай құю үшін қонуға беттеген кезінде апатқа ұшырады. Ұшақ 16 қаңтарда таңғы сағат 7.20-да әуежай маңындағы Дачи СУ ауылына құлады.

Дереккөзcentralasian.org