Зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын қаржы алу идеясы қарастырылып жатыр

Депутат Гүлжан Қарағұсова Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жаңа басшысы Нұрбибі Наурызбаеваның зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын қаржы алуға қатысты ұсынысына пікір білдірді.

«Бұл мәселені барынша тыңғылықты талқылау қажет. Мұндай халықаралық тәжірибе бар. Бірақ, онда барынша өзекті есептеулер жүргізу керек. Кейбір салымшыларда белгілі бір қаржының бар екендігі жасырын емес. Алайда, ол қажетті сомасын алған соң одан өмір сүруіне қажетті  тым болмағанда орташа деңгейде қаржысы қалуы тиіс. Ендігі уақытта ынтымақты зейнетақы болмайды. Жинақтаушы және базалық зейнетақы ғана қалады. Мен министр болғанда жалақы өте төмен еді. Біз бұл тәжірибені зерделегенбіз», — деді Гүлжан Қарағұсова.

Айта кетейік, егер тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілсе, қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін оқуға, емделуге немесе ипотека алуға жұмсай алады.

«Ұлттық банк төрағасы да бұл мәселе туралы айтқан, яғни бұл әлемдік тәжірибе болғандықтан, талқылап жатырмыз. Егер бұл заңмен бекітілсе, зейнетақы қорының бір бөлігі ең керекті дүниелерге, емделуге, білім алуға немесе ипотека алуға беріледі. Қазіргі таңда азаматтарға ең қажетті осы үш бағыт алынып отыр», — деді «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Нұрбибі Наурызбаева.

Қазір зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын шешіп алу мәселесеі талқыланып жатыр.

ДереккөзInform.kz