Серіктестік аграномы Өміржан Қожахметовтың айтуынша, 30 жыл ішінде егін шығуы үшін мұндай құрғашылық болған жоқ. Көктемде егін егуде қиындықтар туып, жаз жаңбырсыз болды. Карантин кедергі болғанымен, диқандар бар күшін салып, жоспар межесін орындап жатыр.
«Викторовское» ЖШС-нің 17 мың гектардан астам егістік алқабы бар. Соның ішінде 8,7 мыңы – бидай, 2,5 мыңы – арпа, 1,5 мың гектардан астам жасымық, сонымен бірге зығыр отырғызылды. Соя және басқа да дақылдар бар. Отыз жылдық тәжірибемде мұндай жаңбырсыз жаз бірінші рет болып отыр. Соған қарамастан, егініміз бітік шығып, алтын астықты қамбаға құйып жатырмыз. Қазіргі кезде, егіс алқаптарындағы барлық астықтың 65 пайыздан астамы бастырылды. Бұл биылғы құрғашылық жылында жақсы көрсеткіш, – дейді Өміржан Қожахметов.
Серіктестік аграномы егін орағы жұмыстары тәулік бойы жүргізілетінін және түскен астық элеваторларға жеткізілетінін атап өтті.
Ауа райы жақсы болып тұрғанда кезде ширақ қимылдап жатырмыз. Алдағы күндер ашық болса, науқанды қыркүйектің 25-не дейін аяқтаймыз. Науқанға 50-ге жуық жұмысшы, 10 комбайн, 8 жүк көлігі және 3 трактор жұмылдырылған. Дала төсінен жеткізілген астық қырман басында тазаланып, бірден Щучьедегі элеваторға жөнелтіліп жатыр. Қазіргі кезде келер жылға қажетті 3 мың тоннада астам тұқым қорын да жинастырып қойдық, – деп түйіндеді Өміржан Қожахметов.
