Басты бетМедицинаАлматы әуежайында...

Алматы әуежайында коронавирусқа қарсы вакцинация пункті ашылды

«КТК» телеарнасының хабарына қарағанда, әуежайдағы вакцинация пунктінде 13 қыркүйек күні түске дейін 5 адам вакцина салдырған.

Алматы халықаралық әуежайы дәрігерлік бөлімінің басшысы Сағадат Нұримановтың сөзінше, ведомствоаралық комиссиясы тарапынан барлық әуежай, теміржол вокзалдарында вакцинация пункті ашылсын деген нұсқау келген.

Алматы әуежайында вакцинация пунктін аштық. №32 емханамен келістік, сол жерден дәрігерлер келді, өз вакциналарын алып келді, — деді Сағадат Нұриманов.

Әуежай өкілдері дәрігерлерді екпе сақталатын тоңазтқышпен және өзге де қажет заттарды берді.

Егу бөлмесі бірінші қабатта орналасқан. Мұнда жолаушылар QazVac немесе Vero Cell вакциналарын салдыра алады.

Емханадағыдай мұнда да вакцинадан соң азаматтар жарты сағат дәрігерлер бақылауында болады. Бәрі қалыпты болса, жолаушы сапарын жалғастыра береді.

Екпенің бірінші дозасын осы жерден алып, екіншісін кез келген қаладан салдыруға болады. Коронавирусқа қарсы вакцинаны тек Қазақстан азаматтары емес, шетелдіктер де салғыза алады.